«Жас ұлан» әскери мектептерінің тәрбиеленушілеріне арналған ҚР Қорғаныс министрінің атынан Жаңа жылдық шырша өткізілді

«Жас ұлан» әскери мектептерінің тәрбиеленушілеріне арналған ҚР Қорғаныс министрінің атынан Жаңа жылдық шырша өткізілді

Жаңа жылдық мерекелер мен демалыстар қарсаңындағы жас Отап қорғаушылар үшін ең көптен күткен мерекелік іс-шаралардың бірі – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің атынан өткізілген Жаңа жылдық шырша елордадағы Ұлттық қорғаныс университетінде болып өтті.

Аталмыш шараға Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 40-тан аса тәрбиеленушісі мен елордалық мектептердің қыздары қатысты.

Елбасы – Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы ұландарға құттықтаулары мен жылы лебіздерін білдірді. Әскери мектептердің тәрбиеленушілері мен мерекеге жиналған меймандардың құрметіне бұл күні концерттік бағдарлама және жаңа жылдық сыйлықтар әзірленіп, мерекелік дастархан жайылды.

«Ұйымдастырылған мереке үшін алғысымды білдіремін. Ұлан болғанымды мақтан тұтамын. Бұл мектепке мен биылғы жылы оқуға түстім. Біз үлкен сыннан, іріктеуден өттік. Оқуға түсуге ниет білдірген 400 адамның ішінен 66-сы ғана өтті. Қазіргі кезде барлығымыз бір ротада оқып жүрміз. Болашақта өз өмірімді әскери қызметпен байланыстырып, Құрлық әскерлерінің Әскери институтына оқуға түскім келеді», - деп Қарағанды шаһарындағы «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушісі Талғат Календеров іс-шараға жиналған қонақтармен ой бөлісті.

Әскери мектептердің тәрбиеленушілеріне арналған мұндай мерекелік шаралар жыл сайын өткізілетінін және ұландар жақсы көретін игі дәстүрге айналғанын айта кеткен жөн.