
Елордада Спорт комитеті – ҚР ҚК Армия орталық спорт клубының Бас бапкерлер кеңесі өтті. Кеңес барысында АОСК штаттық командаларының жұмысы бойынша есептер тыңдалып, 2017 жылға арналған жоспарлар белгіленді. Сонымен қатар, әскери спортшыларды марапаттау рәсімі өтті.
Оның ішінде, команда бастықтары 2016 жылы өткізілген іс-шаралар туралы баяндады және алдағы жылға жоспарлар мен перспективаларды талқылады. Анағұрлым маңызды оқиғалардың ішінен спорттың олимпиадалық түрлері бойынша лицензиялық турнирлерге жоспарлы түрде дайындық, сондай-ақ, армиялық спортшылардың ІІІ қысқы Бүкіләлемдік әскери ойындар-2017 сайысына қатысуы атап өтілді.
Спорт комитетінің төрағасы подполковник Расул Мейірманов әскери қызметшілердің балаларына арналған ақысыз спорттық секциялардың ашылуы мен АОСК-ның жетекші спортшыларының гарнизондарда көшпелі шеберлік сыныптарын өткізуі маңызды бағыт болатынын атап өтті. «Бүгінде АОСК-ның кадрлық резервісін қалыптастыру жөнінде жұмыс жүргізіп, жас спортшыларға қолдау көрсетуіміз қажет. Сондықтан спортшылардың оқу-жаттықтыру үдерісін, спорттық шараларда өнер көрсетулерін ұйымдастырумен қатар штаттық командалар Алматы мен Щучье қалаларында және Панфилов кентінің оқу-жаттықтыру орталықтарының базасында өскелең ұрпақпен қарқынды жұмыс жасауды бастайды», - деді ол.
ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергенов кеңесті қорытындылады. Ол АОСК штаттық командаларының жетістіктерін, әскерлердің дене және әдістемелік тұрғыдағы дайындықтарының деңгейін арттырудағы жұмыс үйлесімділігін, дене даярлығы жүйесін жетілдіру және әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасында салауатты өмір салтының насихатталуын атап өтті.
Қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен әскери қызметші спортшылар мемлекеттік наградалар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен, Олимпиада ойындарына қатысушы, былғары қолғап шебері кіші сержант Қайрат Ерәлиевке, сондай-ақ, палуан кіші сержант Ғалымжан Өсербаевқа «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі табыс етілді. Одан басқа, аға лейтенант Максим Губарев команданың үздік бастығы, таэквондо командасы үздік команда, ефрейтор Ғұмар мен Ғұсман Қырғызбаевтар үздік спортшылар болып танылды.

