
ҚР Қорғаныс министрлігінде 2016 жылғы күзгі шақырылым науқанының қорытындысы жасалды. Жас толымды зерделеу бірқатар бағыт бойынша жүргізілді. Оның ішінде, жас толымның денсаулығына, моральдық-психологиялық әзірлігіне, сондай-ақ, білім деңгейіне ерекше назар аударылды.
Білім деңгейі бойынша 2016 жылғы көктемгі шақырылыммен салыстырғанда жоғары және орта-арнаулы (техникалық) білімі бар сарбаздардың саны анағұрлым ұлғайған. Бұл ретте техникалық мамандыққа ие шақырылушылардың саны басым болып келеді. Психологиялық әзірлікке қатысты мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мерзімді әскери қызмет өткеру бойынша өздерінің әзірліктеріне оң баға беретіні белгілі болды. Осы күзде ҚР Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелеріне мерзімді әскери қызмет өткеруге 5000-ға жуық қазақстандық шақырылғанын айта кеткен жөн. Әскери қызметшілер Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Әскери полицияның әскери бөлімдері мен Армия орталық спорт клубында қызмет өткеру үшін бөлінді. Бүгінгі таңда жаңа толым жас сарбаздарды дайындау бағдарламасынан өтті. Жалпы алғанда, «Күз – 2016» шақырылымы әскери қызметшілерінің бейімделуі ойдағыдай өтуде. Бұған сәтті бейімделуге бағытталған жеке әңгімелесулер, психологиялық тренингтердің өткізілуі біршама септігін тигізеді.


