
Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде әскери медицинаны дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті.
Аталған шараға қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мемлекеттік күзет қызметінің, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери-медициналық бөлімшелерінің басшылары, медициналық білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелеріне, оның ішінде әскери-медициналық мекемелердің инфрақұрылымын жетілдіруге, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге, емдеу қызметінде тәжірибе алмасуға, сондай-ақ әскери дәрігерлердің халықтың денсаулық сақтау жүйесіне қатысуына да назар аударды.
Кеңес барысында әскери-медициналық мекемелерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосу, сондай-ақ инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елдерде қызмет өткеретін бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілерін вакцинациялауды жүргізу аспектілері де сөз болды.
Сапалы медицинаның басым бағытының бірі – әскери-медициналық мамандар дайындау. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Алматыда жоғары әскери оқу орны жанынан әскери-медициналық факультет ашу мүмкіндігін қарауды ұсынды.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов: «Қарулы күштерді стационарлық көмек көрсетуге рұқсаты бар медицина мамандарымен жасақтауды шешу үшін жыл сайын резидентурада медицина қызметінің офицерлерін оқытуымыз керек», – деп, ведомствоаралық ынтымақтастықтың тағы бір бағытын атап өтті.
Ведомствоаралық кеңес соңында айтылған ұсыныстарды іске асыру үшін бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен бірге кейбір мәселелердің, атап айтқанда, әскери жоғары оқу орны жанынан әскери-медициналық факультет ашу заңнамалық тұрғыда реттеуді талап ететіні белгілі.