
2019 жылдың күзінде Қазақстанның Қарулы Күштеріне шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер әскери ант қабылдады. Салтанатты іс-шаралар бүкіл Қазақстан бойынша әскери бөлімдер мен құрамаларда өтті.
Қазақстан әскерінің қатарын 6500-ден астам сарбаздар толықтырды. Бұл дене бітімі дамыған, білімді, моральдық жағынан тұрақты жастар. 5000-нан астам мерзімді қызметтегі әскери қызметші Құрлық әскерлерінің бөлімшелерінде қызмет ететін болса, 1500-ге жуығы әуе қорғанысы күштерінде, ал 47 адам әскери-теңіз күштерінің кемелерінде қызмет атқаратын болады.
Шақырылушылардың Отанына адал болуға ант беру сәтіне туыстары, командирлері мен әріптестері, сондай-ақ Қарулы Күштер ардагерлері куә болды. Командирлер жақын арада дәстүрлі түрде мерзімді қызметтегі сарбаздардың туыстарымен кездесулер өткізіп, онда нақты бөлімшедегі әскери қызметтің міндеттері мен ерекшеліктері туралы айтып, өзара іс-қимыл тәртібін түсіндірді және барлық қызықтырған сұрақтарына жауап берді.
Әскери ант беру – бұл кешегі әскерге шақырылушылардың әскери қызметшілер қатарына ресми түрде қабылданған, әскери қызметі басталатын ерекше әскери рәсім болып табылады. Олар жалпы әскери дайындық курсынан өтіп, әскери іс негіздерін үйренеді. Өз білімдерін тәжірибеде қолдануды, жауынгерлік кезекшілікті атқару бойынша міндеттерді орындауды, оларға сеніп тапсырылған қарудан атуды, жауынгерлік техниканы меңгеруді үйренеді.