
Тәуелсіздік күнінің 28 жылдық мерейтойы қарсаңында және әскери-патриоттық тәрбиенің ролін арттыру туралы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы мақсатты орындау аясында Семей қаласы Шәкәрім атындағы №5 көпсалалы гимназиясында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері Отанға адал болу антын қабылдады.
Жас патриоттарды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, Қарулы Күштер қалалық ардагерлер одағының өкілі, Семей қаласы ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Бекен Мұхамәдиұлы, қалалық білім бөлімінің өкілдері, 44793 әскери бөлімінің басшылығы, Семей гарнизонының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі командирлерінің орынбасарлары және жергілікті басқару органдарының өкілдері құттықтап келді.
«Бүгін клуб тәрбиеленушілері Отан алдында салтанатты түрде ант берді. Әскери істі адал зерделеп, өздерінің рухани және дене даярлығын дамытуға серт берді. Ант мәтіні қысқа болғанымен, ол біздің әскеріміздің жауынгерлік дәстүрімен байланысты үлкен жауапкершіліктен тұрады. Бұл әр оқушы үшін әскери антпен бірдей»,- деп атап өтті әскери бөлім командирі подполковник Дарын Әділбаев.
Бұдан бөлек, алғашқы әскери дайындық және әскери-патриоттық тәрбие сыныптары ашылып, әскери бөлім және мектеп арасында өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбие беру саладағы ынтымақтастықты арттыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Айта кетсек, 2019 жылы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері «Айбын» республикалық жастар жиынында әскери-патриоттық сыныптар арасында бірінші орынға ие болды.