Нұр-Сұлтанда "Qaisar" әскери-патриоттық ойынының ақтық кезеңі өтті

Нұр-Сұлтанда "Qaisar" әскери-патриоттық ойынының ақтық кезеңі өтті

"Аmаnаt" партиясының жастар қанаты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған "Qaisar" әскери-патриоттық ойынының финалдық сайысына Қазақстанның барлық өңірінен 100-ден астам қыз-жігіт қатысты.

Ауқымды республикалық жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһандық сын-қатерлер мен ішкі саяси үрдістерді ескере отырып, әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жаңғырту тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр.

Сайыстың мақсаты – жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру.

Қорытынды кезең барысында "Қайсар" квест-ойынында оқушылар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарысып, "Отан қорғаушы болғым келеді" акциясына қатысты, сондай-ақ "Абырой" диалог алаңында пікір алмасты.
Жарыс қорытындысына келсек, бірінші орынды Маңғыстау облысының командасы, екінші орынды Қарағанды облысының өкілдері, ал үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысының оқушылары олжалады.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов қатысты.

- Мен жастарды осындай әскери-патриоттық ойында көргеніме қуаныштымын. Әскери бөлімдердің есігі жастарға қашанда ашық. Біз жастарға үміт артамыз және болашақта Отанымыздың лайықты қорғаушылары боларына сенімдіміз! - деді генерал-лейтенант Марат Құсайынов жарысқа қатысушыларға арнаған сөзінде.

Аталған іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай өткенін атап өткен жөн.