
Қорғаныс министрлігінің Әскери клиникалық госпиталінде ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара дипломнан кейінгі білім берудің халықаралық ғылыми-зерттеу институтымен, Алматы қаласының медициналық мекемелерімен, сондай-ақ Қазақстан-Ресей медициналық университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты – денсаулық сақтау мекемелері арасындағы өзара қарым-қатынасты ұйымдастыру және заманауи медициналық технологияларды қолдануда тәжірибе алмасу.
Азаматтық және әскери денсаулық сақтау саласындағы жетекші мамандар COVID-19-ды, онкологиялық ауруларды, оқ тиіп жараланған науқастарды емдеу, бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге хирургиялық көмек көрсету жөнінде тәжірибе алмасты.
- Әскери дәрігерлер сирек аурулары бар науқастарды оңалтуды дербестендіруге, әр пациент үшін аса қолайлы дәрі-дәрмектерді және олардың мөлшерін жеке таңдауға, асқынулардың алдын алуда тиісті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін функционалды қан анализінің әдістемесін жасады. Әріптестеріміз дайындаған әзірлеме жөнінде пікір алмастық, - деді госпиталь бастығының орынбасары медицина қызметінің подполковнигі Абдували Палтушев.
Әскери клиникалық госпиталь дәрігерлерінің әріптестерімен тәжірибе алмасуы тұрақты түрде жүргізілетінін атап өткен жөн.