Әскери-тарихи музейге қаза тапқан ұшқыштың марапаттары мен жеке заттары табыс етілді

Әскери-тарихи музейге қаза тапқан ұшқыштың марапаттары мен жеке заттары табыс етілді

Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде тоғыз жыл бұрын әскери қызмет атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полковник Марат Едігеевті еске алу кеші өтті. 

Іс-шараға Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері мен ардагерлері қатысты. Авиация генерал-майоры Алсай Жұманов шараға қатысушыларға авиациялық база командирі полковник Марат Едігеевтің жасаған ерлігі туралы айтып берді.

Қайғылы оқиға 2013 жылғы 23 сәуірде оқу-жаттығу ұшулары барысында орын алған болатын. Полковник Едігеев ұшқан МиГ-31 жойғышының жабдығы істен шығып, командир штурманға катапультеуді бұйырып, өзі басқаруды жоғалтқан ұшақты тұрғын үй аумағынан алысқа әкетті.

- Авиацияға әуестігі бойынша келеді. Ұшқыштар – өз кәсібін сүйетін жандар. Полковник Марат Едігеев адал, парасатты, сауатты, білікті офицер болатын. Ол кезде мен Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болдым және оған үлкен үміт артқан едім. Авиацияда ұшқыштар өлмейді, олар ұшып, қайта оралмайды деген ұғым бар. Міне, тоғыз жыл өтті. Біз әлі күнге дейін әріптесіміздің жұбайы мен балаларына қолдау көрсетіп келеміз, - деді авиация генерал-майоры Алсай Жұманов.

Полковник Марат Едігеев қаза болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қарағанды облысының Просторное ауылында оған ескерткіш қойылып, батырдың атына мектеп, көше аттары берілді.

Еске алу кешінде оның туыстары мен жақындары әскери-тарихи музейдің жәдігерлер жинағына мемлекеттік наградасын, ұшқыштың шлемін және әскери киімін тапсырды.

Іс-шараға қатысушылар әскери ұшқыштардың жас буынына үлгі болып табылатын бүгінгі күннің батыры жасаған ерлік  ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.