
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында әскер түрлері мен тектері бөлімшелерінің жердегі операциясын авиациялық қолдау кезінде авиациялық нысаналарды барлау және нысананы дәлдеу тәсілдерімен авиациялық нысанашыларының теориялық білімдерін жетілдіру мақсатында біліктілікті арттыру курсы өткізілді.
Жиын барысында жерсерігі навигациясын зерттеуге, радиостанциялардағы жұмысты жаттықтыруға, нысананың координаттарын анықтау үшін пайдаланылатын заманауи құралдарды меңгеруге және жауынгерлік курста тікұшақтар мен ұшақтарды басқару машығын жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Әуе нысанашылары Әскери-әуе күштері тактикасының негіздерін зерделеп, командалық-диспетчерлік пункттің практикалық жұмысымен, ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрамды жауынгерлік атыстарға және зымырандарды ұшыруға дайындаумен танысты. Жиынның қорытынды бөлімінде жерүсті нысаналарына қарай басқарылмайтын зымырандар ұшыру арқылы авиацияны бағыттау бойынша тәжірибе сабақтары өткізілді.
– Дайындық курсы деректерді алу және талдау, жұмыс картасындағы координаттарды, жергілікті жердегі бағдарларды анықтау, жаңа құралдарды пайдалана отырып және қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескеріп, нысаналарды жою құралдарын таңдау саласында теориялық және практикалық білімді арттыруға бағытталған, – деп атап өтті ӘҚК әскери институты жауынгерлік даярлық басқармасының әдіскері подполковник Ержан Қарақұлов.
Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің, Құрлық әскерлерінің, Арнайы операциялар күштерінің 70-тен астам әскери қызметшісі курстан өтті. Тыңдаушылар кешенді емтихан тапсырған соң оларға курсты аяқтағаны жөнінде куәлік берілді.