
«Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық командалық-штабтық оқу-жаттығуына «Wing Loong» және «Skylark» ұшқышсыз басқарылатын құрылғылары жұмылдырылды.
Қазақстанның Қарулы күштерінде ұшқышсыз ұшатын аппараттар кешендерінің түрлерін дамыту мен оларды қолдану ерекше назарға алынып отыр. Қазақстан әскерінің жарақ құрамында ұшқышсыз ұшу құрылғылары авиациясының соққы беру және барлау жүйелері бар.
«Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуы барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының жауынгерлік есептоптары әскери маневрлерге белсенді қатысуда.
Одан өзге «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттары шартты қарсыластың аумағын, позициялары мен техникасын артиллерия мен авиация күштерінің көмегімен жою үшін барлау жүргізеді.
Аса маңызды нысандарды дәлдігі жоғары оқ-дәрілермен зақымдау міндеттері «Wing Loong» барлау-соққы беруші ұшқышсыз ұшатын аппаратының операторларына жүктелген.
Қазіргі уақытта ел әскерінде аталған мамандарды даярлау орталығы жұмыс істейді. Ондағы оқыту үрдісі соңғы кездегі қарулы қақтығыстарда ұшқышсыз ұшу құрылғыларын қолдану тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады.
Аталған бағытта да ғылыми зерттеулер жүргізілу үстінде. Қазіргі уақытта әскери сынақтан өтіп жатқан ұшқышсыз басқарылатын «Шағала» отандық барлау құрылғысын Ұлттық қорғаныс университеті жасап шығарды.
