Қазақстанда әскери маневрлер барысында моральдық-психологиялық қамтамасыз ету міндеттері шешілуде

Қазақстанда әскери маневрлер барысында моральдық-психологиялық қамтамасыз ету міндеттері шешілуде

«Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде тәрбие құрылымдарының офицерлері жеке құрамның моральдық-психологиялық тұрақтылық деңгейін барынша қолдау жөніндегі міндеттерді орындайды.

 

Қазіргі заманғы соғыстың нәтижесі жеке құрамның техника мен қаруды шебер меңгеру қабілетіне ғана емес, сонымен бірге оның психологиялық көңіл-күйіне, әскери қызметшілердің қызметіне қолайлы жағдай жасауға, олардың нақты әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға байланысты болмақ.

Осыған байланысты Қарулы күштердің тәрбие құрылымдарының офицерлері басқа да күштік ведомстволардың және жергілікті атқарушы органдардың басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жеке құрамның оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындауға психологиялық тұрғыда әзірлігін қалыптастыруда ауқымды шаралар кешенін өткізді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелерімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпарат қауіпсіздігі және әскерлерді қарсыластың психологиялық әсерінен қорғау мәселелері пысықталуда.

Әскери қызметшілерді өңірдегі қалыптасқан ахуал, елдің әскери-саяси басшылығы қабылдаған шешімдер туралы дер кезінде хабардар ету мақсатында жедел қолбасшылықтарда ақпарат беретін орталықтар ашылды. Әр бөлімшеде ақпарат пункттерінің жұмысы ұйымдастырылды. Оларды пайдалана отырып күн сайын саяси және әскери ақпарат беру жүргізіледі.

Оқу-жаттығу барысында үгіттеуді пайдалана отырып шартты қарсылас орналасқан аудандарды қарап шығу жүзеге асырылады, сондай-ақ жергілікті халық арасында үгіт-насихат материалдары таратылады.

Оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілердің психоэмоционалдық шиеленісі мен қорқынышын сейілтуге, ерік-жігер қасиеттерін қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта психологиялық қызмет мамандарымен үш орталық және 14 психологиялық көмек көрсету және оңалту орындары ашылды.

Жеке құрамға соғыс уақытындағы жағдайдың нормативтік құқықтық актілері, қауіпсіздік талаптары, оқу-жаттығу ауданында жергілікті халықпен өзара қарым-қатынас жасау ережелері түсіндірілуде.

Психологиялық шиеленісті жеңілдету және жеке құрамның моральдық күштерін қалпына келтіру мақсатында көркемөнерпаздар ұжымдарының өнері және әскери-патриоттық бағыттағы фильмдерді көрсету ұйымдастырылды.

– Тәрбие құрылымдарының командирлері, штабтары, офицерлері қазіргі заманғы күрестің күрделі және шиеленіскен жағдайында моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастырумен қатар осындай шараларды өткізуде тәжірибе жинақтайтын болады, – деп атап өтті Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің офицері Дархан Әжібаев.

«Батыл тойтарыс – 2022» ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өткізіліп жатқанын естеріңізге сала кетейік.