Нұр-Сұлтанда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Нұр-Сұлтанда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Елордада Қазақстан жауынгерлерінің тәжік-ауған шекарасындағы ерлігіне 27 жыл толуына арналған еске алу шарасы өтті.

Еске алу шарасына жиналғандар Отан қорғаушылар саябағындағы тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Мемлекеттік әскери-тарихи музейде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов сол жылдардағы оқиғаларға арналған «Ерлікке жетелеген жол» экспозициясын ашуға қатысты.

 – Біріккен батальонның офицерлері мен сарбаздары халықаралық терроризм мен есірткі бизнесі күштерінің біздің шекараларымызға жетуіне тоқсауыл қойды. Жауынгерлер батылдық пен жанқиярлық көрсетіп, әскери борыштарын адал атқарды, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан әскери қызметшілер батырлықтың, ерліктің және антқа адал болудың үлгісін көрсетіп, отандастарының жадында мәңгі сақталады.

Көрме аясында Жанар Кемелдің қазақстандық жауынгерлердің тәжік-ауған шекарасындағы қаһармандығы жайлы «Ерлікке жетелеген жол» кітабының тұсаукесері, сондай-ақ Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концерті өтті. 

1993-2001 жылдар аралығында Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің және ІІМ Ішкі әскерлерінің әскери қызметшілерінен құралған қазақстандық біріккен батальон тәжік-ауған шекарасын күзету тапсырмаларын орындағанын естеріңізге саламыз.

1995 жылы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында 7-ші біріккен ротаға содырлар шабуыл жасады. Бес сағатқа созылған кескілескен ұрыста Ішкі әскерлердің 17 жауынгері қаза тауып, 33-і жарақат алған болатын.