Әуе қорғанысы күштері оқу дабылымен көтерілді

Әуе қорғанысы күштері оқу дабылымен көтерілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінде бақылау тексерісі өтуде.

Тексеріс барысында оқу-жауынгерлік тапсырмалар іс жүзінде орындалып, жеке құрамның қысқы оқу кезеңінде жинақтаған білімі, іскерлігі мен машығы бағаланатын болады.  

Бұл тексеріске авиациялық базалар мен қамтамасыз ету бөлімдерінің барлық ұшу және инженерлік-техникалық құрамы тартылды, майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясының түрлі үлгідегі ұшу аппараттары іске қосылды. 

Ұшулар тәуліктің кез келген уақытында қойылған оқу-жауынгерлік міндеттерге байланысты жүргізіледі. Одан өзге, ұшу экипаждары барлау жүргізу, ұшу техникасы, орта және төмен биіктікте әуе ұрысының тактикалық тәсілдері, бөлімшелерді тасымалдау және десант түсіру, басқа да әскер түрлері мен тектеріне ілесіп жүру мен бүркемелеу секілді мәселелерді пысықтайды. 

Ал әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдері қайта топтасу, объектілерді әуе шабуылы құралдарынан бүркемелеу маневрлерін орындайды. 

Полигондарда шартты әуе қарсыласын зақымдау бойынша тактикалық оқу-жаттығулар мен атыстар жүргізілетін болады.