
Байқау әскери қызметтің имиджін, әскери қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесін арттыру, сондай-ақ олардың өз міндеттерін үлгілі орындауы мақсатында өткізілуде. Байқау үш аталым бойынша бес кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, «жоғары, аға офицерлер мен аға сержанттар құрамдары арасындағы үздік білгір», «кіші офицерлер мен кіші сержанттар құрамы арасындағы үздік білгір», «қатардағы жауынгер құрамы, курсанттар, кадеттер арасындағы үздік білгір». Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болады. ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің өмірі мен күнделікті қызметі қатаң түрде нормативтік-құқықтық құжаттармен, яғни, жалпыәскери жарғымен регламенттелген. Жалпыәскери жарғы – мемлекетпен белгіленген дара басшылық, әскери тәртіп пен заңдылық негізінде әскери қызметшілердің қарым-қатынастарының әртүрлі тұстарын реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің жиынтығы болып табылады.