
Олимпиадағы республикалық әскери мектеп-интернаттарының, облыстық әскери мектептер мен еліміздің жалпы білім беру мекемелерінің түлектері қатысуда. VI республикалық олимпиада Жастар жылы аясында өткізілуде және айтулы оқиға, яғни, ҚР Тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің 95 жылдығы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің 20 жылдығына орайластырылды. Әскери қызметке қызығушылық білдіретіндарынды балаларды анықтау, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, әскери кәсіптің беделін арттыру мақсатында олимпиаданы ҚР Қорғаныс министрлігінің Кадрлар және әскери білім департаменті ҚР білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе ұйымдастырды 19 сәуірге дейін жалғасады. Екі күн бойы Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 60-тан аса бозбала теориялық және практикалық сабақтарда бақ сынасады. Ең алдымен оларға физика, математика, қазақ (орыс) тілі, бастапқы әскери дайындық пәндерінен тестілеу тапсырмаларын орындауға тура келеді. Одан кейін физикалық және әскери-қолданбалы дайындықтарын көрсетеді. Оның ішінде, 3000 м кросс тапсыру, 100 м жүгіру және тартылу, жеке дара саптық даярлық, АК-74 толық емес шашып-жинау. Одан басқа, олимпиаданың өткізілуі шеңберінде алғашқы әскери дайындықтың оқытушылары үшін «Білім берудің жаңартылған мазмұны жағдайында алғашқы әскери дайындықты оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары» тақырыбында оқыту семинары өтеді. Оның негізгі мақсаты педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, білім беру процесіне заманауи көзқарасты тиімті енгізу арқылы жұмыстың озық тәжірибесін көрсету болып табылады. Олимпиада аясында қатысушылар Ұлттық әскери-патриоттық орталық пен елордадағы десанттық-шабуылдау бригадасына барады. Соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, грамоталар мен сертификаттар тапсырылады.