
1997 жылғы 22 сәуірде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев «ҚР құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы жылдар ішінде әскердегі құқық тәртібін реттейтін институт өзінің қажеттілігін, дәлелділігі мен тиімділігін іспен көрсетті. Құрылған сәттен бастап әскери полиция әскери тәртіпті нығайту, армияда құқық тәртібін қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жүргізуде. Бұл әскери ортада құқық бұзушылық пен қылмыстың санын елеулі түрде қысқартуға, әскери қызметшілердің құқық санасының деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Әскери полиция Қазақстанның Қарулы Күштері жүйесінде маңызды бөлімшелердің біріне айналды. Әскери полиция қызметінің оң нәтижелері Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге үлес қосуда және Қорғаныс министрлігінің басшылығы тарапынан жоғары баға берілуде. Мұның барлығы әскери полиция органдарының жоғары беделі мен кәсіпқойлығының айғағы болып табылады және шүбәсіз Қазақстанның заманауи армиясы имиджінің одан әрі артуына ықпал етеді.