
Байқауды өткізу мақсаты тіл мәдениетін арттыру және Қазақстанда үш тілділікті дәріптеу, латын әліпбиіне көшуді насихаттау, сондай-ақ үш тілді еркін білетін жас әскери қызметшілерді анықтау және қолдау білдіру болып табылады. Байқау «Ұлттаным», «Елтаным», «Полиглот» және «Өнертаным» атты 4 номинация бойынша өткізілді. Байқауға қатысушылардың әрқайсысы қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін білуден әділқазылар мен көрермендерді таңғалдыруға тырысты. Байқауға қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сұрақтарға жауап бере отырып, еліміздің тарихы, ұл ытұлғалар, қазақ халқының салт-дәстүрін білу бойынша білімдерін паш етіп, жаңылтпаш айтудан бақ сынасты. Командалардың өнерін бағалау кезінде әділқазылар алқасы тілдерді жақсы білу, үш тілде сөйлеу құрылымына, әртістілігіне және музыкалық нөмірлеріне назар аударды. Байқау Ұлттық әскери-патриоттық орталығының көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен ұласты. «Жас ұлан» республикалық мектебінің оқытушысы Ж. Намазбек сайыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің әскери қызметшісі ефрейтор Д. Жанабергенов еншіледі. Үшінші орын елордадағы Әуе қорғанысы күштері авиабазасының аға лейтенанты К. Тәжігереевке бұйырды. ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері арасында мемлекеттік тілді дамыту, қазақстандық патриотизмді нығайту тәрбие-идеологиялық жұмыста маңызды элемент болып табылатынын айта кетейік.