
Осынау Ұлы күнге құрмет көрсете отырып, Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері, «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері ҰОС-тың ардагері Александр Торкинді 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. А.П. Торкин 1939 жылдан бастап 1940 жылдың тамыз айына дейін кеңес-фин соғысының майданында соғысқан, ал 1941-1945 жылдары Мәскеуден Кенигсбергке дейінгі жолдан өтіп Ұлы Отан соғысының майданына қатысқан. «Қызыл жұлдыз», 1 және 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Польшаны азат еткені үшін», «Кенигсбергті басып алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. «Лайықты өмір жолынан өту оңай шаруа емес. Бақытқа орай, қазіргі жас ұрпақ соғыстың не екенін білмейді. Өмірлеріңді бағалаңдар және оны игі іске арнаңдар!», - деп ардагер қонақтарына жылы лебізін білдірді. Одан басқа, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебінде ҰОС-тың ардагері, Түркістан облысының тумасы Сұлтанбек Төрегелдімен кездесу өтті. Кездесу барысында ардагер жас патриоттарға сұрапыл соғыс, өз Отанын қорғаған жас сарбаздардың ерліктері туралы айтып берді. Мектеп басшылығы ардагердің қайсарлығы мен адалдығы өскелең ұрпақ үшін әрқашан үлгі болады деп атап өтті және ҰОС-тағы Жеңіс мерекесімен құттықтады. С. Торегелді «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Ардагердің құрметіне орай жасұландықтар концерттік бағдарлама дайындады. Әскери қызметшілер, Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының курсанттары мен тәрбиеленушілері ұдайы негізде ҰОС-тың ардагерлерімен кездесулер өткізіп, оларға шаруашылық тұрмыста жәрдем беріп, емен жарқын әңгіме-дүкен құрып, әртүрлі іс-шаралар өткізетінін айта кетейік.