
Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік министрі Мұхаммед бен Ахмед Аль-Бауардидің шақыруымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің делегациясы Абу-Даби қаласында өткен бесінші халықаралық UMEX/SIMTEX-2022 көрмесіне қатысты.
Әуе қорғанысы күштерінің Бас штаб бастығы генерал-майор Фазылолла Бәденов басшылық жасаған қазақстандық әскери делегация ұшқышсыз ұшу технологиялары саласындағы соңғы әзірлемелермен, модельдеу және мамандарды оқыту жүйесімен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігінің басшылығы отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешендерімен өзара іс-әрекет ете отырып, Қарулы Күштерді техникалық тұрғыда қайта жарақтандыру жөніндегі шаралар қабылдауда. Жаңа қауіптер мен сын-қатерлер жағдайында шешетін міндеттерін ескеріп, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Абу-Дабидегі халықаралық көрме дәстүрлі түрде әлемнің түкпір-түкпірінен ұшқышсыз авиация саласындағы мүдделі мамандарды тарта отырып, бүгінде заманауи қарулы қақтығыстар жағдайында өзекті болып табылатын бұл бағытты дамытуға оң ықпал етеді.
