
Қорғаныс министрлігіндегі салтанатты шарада әскери ведомство басшысы Қарулы Күштердің барлық әскери қызметшілері мен азаматтық персоналын Отан қорғаушы күнімен құттықтады. «Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы ұдайы жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейін ұстап және кәсібиіктерін арттыра отырып, Отан алдындағы конституциялық борыштарын лайықты түрде атқаруда. Жауынгерлік даярлықтың көптеген ірі ауқымды шаралары, ел басшылығы мен беделді халықаралық сарапшылардың жоғары баға беруі осының айқын дәлелі. Бірнеше күн бұрын біз «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуын аяқтадық. Оған 8000-нан аса әскери қызметші, 2000-нан аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника тартылды. Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы оқу-жаттығудың белсенді фазасына қатысып, жауынгерлеріміздің шеберлігіне жоғары баға берді. Негізгі жүктеме мен жауапкершілік алаңда тәулік бойы болып, жаттыққан, техниканы тізгіндеп, жауынгерлік оқ-дәрілермен көздеуіш атысты жүргізген командирлер мен сержанттардың, сарбаздардың мойнына артылды», - деді генерал-майор Н. Ермекбаев сөз сөйлеуі кезінде. Қорғаныс министрі анағұрлым ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге ордендер, медальдар және грамоталар табыстады. Бірқатар әскери қызметшілерге Қорғаныс министрінің бұйрығымен кезекті әскери атақтар, оның ішінде, мерзімінен бұрын берілді.