
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ефрейтор Ғұмар Қырғызбаев чемпион атанды. Армияшы Алматы облысынан келген Дамир Бекесовті ойсырата жеңді. Абсолюттік салмақ дәрежесінде АОСК-ның мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Дәурен Нұралинов мықты болып танылды. Шешуші кезеңде атлетші Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповты жығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Еліміздің біріншілігіне барлығы еліміздің барлық өңірлерінен, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 500-ден аса атлетші қатысты. Сайыс 14 салмақ дәрежесінде өтті. «Қазақ күресі — бұл ұлттық спорт түрі. Бүгінде мықтыны айқындау үшін көптеген жас әрі талантты спортшылардың жиналғаны өте қуантарлық жайт. Армиялық спортшылар дайындық пен шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Олардан облыстық пен республикалық турнирлердің чемпиондары ғана емес, сонымен бірге, әлемдік додалардың жүлдегерлері шығатынына сенімдімін», - деді қазақ күресінен АОСК командасының бапкері Ермек Нәсиев. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар қазақ күресінен ҚР спорт шебері атағын алатынын және олардың қатарынан халықаралық сайыстарға қатысу үшін республикалық құрама жасақталатынын айта кету қажет.