Қазақстан Қарулы Күштерінде үздік сержант анықталады

Қазақстан Қарулы Күштерінде үздік сержант анықталады

Үздік сержант атағына ие болу оңайға түспейді. Жарыс оқ ату, физикалық, кәсіпқойлық, әскери-медициналық  дайындық, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін тексеретін сайыстардан тұрады. Келген қатысушылар бірден бірінші нормативті орындайды. Байқау комиссиясы команда құрамының жауынгерлік даярлығын, киім формасын, бас киім, жеке қорғаныс құралдары және басқа да құрамдас бөліктерін тексереді. Әскери спорттық жарыста әскери қызметшілер кермелерде тартылып, 100 және 3000 метр қашықтыққа жүгіреді, жүк артылған жилет, автомат және болат дуылғамен «Алғырлық. Табандылық. Қырағылық» кедергілер жолағынан өтеді. Кедергілер жолағында бірқатар кедергілер бар. Қатысушылар алма-кезек автоматты жинау, салмағы 16 келі болатын оқ-дәрі қорапшасын 20 рет көтеру, жаралы сарбазды алып жүру, автокөлік доңғалақтарынан құралған шұңқыр мен үйінді және сым қоршауын жеңуді орындайды. Сержанттар армиялық қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдануда кәсіби техниканы және мылтықтан дәл атуды көрсетеді. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс сайысы қызықты болмақ, онда әскери қызметшілер қысқа мерзімде жалпыәскери қорғаныс жиынтығының барлық элементтерін және газ тұтқышты киюі қажет. Әскери-медициналық дайындық конкурсында алғашқы кәсіби көмек көрсету бағаланады.   Қазылар алқасы үшін практикалық кәсіпқойлық шеберліктен басқа, зияткерлік қабілеттер мен жауынгерлік дайындық пәндері бойынша теориялық білімі, сонымен қатар қатысушылардың вокалды және хореографиялық икемділіктері маңызды. Жыл сайын өткізілетін байқау сержанттардың кәсіпқойлық шеберлік деңгейін, мотивациясын, бәсекелестік рухын жоғарылатуға, сонымен қатар әр түрлі санаттағы үздік сержанттарды ынталандыруға мүмкіндік береді. X бүкілармиялық сайыс 27 қыркүйекке дейін жалғасады. Байқау нәтижелері бойынша жеңімпаздар алты номинация бойынша анықталады. Олар: өңірлік қолбасшылықтың, бригада, батальон, рота, взвод және бөлімнің  үздік сержанттары.