
Еліміздің Қарулы Күштерінде Армия халықаралық ойындарына іріктеу жалғасуда.
Құралымдар мен бөлімдерде іріктеу жарыстары ұйымдастырылып, оның нәтижесінде барынша дайындалған әскери қызметшілер анықталады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында іріктеуден өткендердің қатарында – аға сержант Дархан Аслан, 3-сыныпты сержант Александр Масяев, ефрейтор Берікжан Төлеуов және қатардағы жауынгер Индира Алпысбаева бар. Енді олар Қарулы Күштердің ауқымындағы жарыстарда бағын сынайды.
– Жыл сайын іріктеу жарыстарының нәтижелері жақсарып, конкурсқа қатысқысы келетіндердің саны артып келеді. Бұның бәрі әскери қызметшілердің кәсіби деңгейінің артуына ықпал етеді, – деді танк бригадасының сержанты 1-сыныпты сержант Алмас Жанысов.
Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері «Бейбітшілік жауынгері» конкурсына 2009 жылдан бері қатысып келеді. Бұл жарыс 2018 жылдан бастап Армия халықаралық ойындарының бағдарламасына енгізілді. Оған әскери-спорттық жарысты, жауынгерлік даярлық пәндерінен конкурстарды, зияткерлік турды, сондай-ақ әдеби-көркем және шығармашылық байқауды қамтитын бес кезеңдік сайыстар кіреді. 2021 жылы Арменияда өткен сайыстарда Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын иеленді.