Құрлық әскерлерінде үздік бөлімшелер анықталды

Құрлық әскерлерінде үздік бөлімшелер анықталды

Отырысқа бас қолбасшының орынбасралары, өңірлік қолбасшылық әскерлері мен әскер тектерінің қолбасшылары, Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының бөлім және қызмет бастықтары, бөлімдер мен құрамалардың командирлері және олардың орынбасарлары қатысты. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қорытынды жасау барысында әскерлердің жедел дайындығына, әскери тәртіп пен құқық тәртібін одан әрі нығайту мәселелеріне, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және қызмет көрсету сапасын арттыруға айрықша назар аударды. Оның ішінде, «Айбалта-2019» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуға құрамалар мен бөлімдердің қатысуының егжей-тегжейлі талдауы жүргізілді. «Рухани жанғыру» - жауынгерлік рух тірегі» ұранымен өткізіліп жатқан жауынгерлік сайыс шеңберінде қызметтік жұмыс нәтижелерін жан-жақты бағалау негізінде 2019 оқу жылының бірінші жартыжылдығында жауынгерлік сайыстың жеңімпаздары анықталды.   Өңірлік қолбасшылықтар арасында «Оңтүстік» ӨңҚ жеңіске жетті. Мотоатқыш, танкті және десанттық бөлімдер мен құрамалар арасында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 18404 әскери бөлімі бірінші орынды еншіледі. Екінші орын елордадағы десанттық-шабуылдау бригадасына бұйырды және үшінші орынға 32363 әскери бөлімі жайғасты. Артиллериялық құрамалар арасында «Шығыс» ӨңҚ 36803 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үздік нәтижелер көрсетті. Байланыс бөлімшелері арасында 54380 әскери бөлімі алдыңғы позицияларға тұрақтады.  Инженерлік құрамалар мен бөлімдер арасында «Шығыс» ӨңҚ 54770 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үздік атанды. Қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін үздік нәтижелерге қол жеткізген командирлерге естелік сыйлықтар мен құрмет грамоталары табыс етілді. Қорытынды шығару Қорғаныс министрі қойған міндеттерді егжей-тегжейлендірумен және жазғы оқыту кезеңіне Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысына тапсырмалар берумен аяқталды.