Қаза болған әскери қызметшіні көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін марапаттады

Қаза болған әскери қызметшіні көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін марапаттады

Марапаттау алдында залда ҚР Мемлекеттік әнұраны орындалды. Одан кейін Бас штаб бастығы - ҚР ҚК ӘҚК бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Н. Мұқанов «Адам өмірін құтқарумен байланысты экстремалды жағдайда танытқан батылдығы мен қайсарлығы үшін кіші сержант Ерлан Тоқтарбайұлы Райымқұлов «Ерлігі үшін» медалімен, өз өмірін қия отырып, адамды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталады деген ҚР Президентінің Жарлығын оқыды. Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы  авиация генерал-майоры Н. Кәрбенов кіші сержант Ерлан Райымқұловтың әйеліне марапат табыс етті.. «Ерланның батыл ерлігі әрбір қазақстандық үшін үлгі. Себебі, жанқиярлық пен батылдықты қызметтік міндетті орындау кезінде ғана емес, сонымен бірге кез келген өмірлік жағдайда танытуға болады. Қиын кезде Ерлан өз таңдауын жасады. Ол жас болды, алайда, оның таңдауы мен жасаған әрекеті батып бара жатқан балаға өмір сыйлаған мақтан тұтарлық әрекет болды.   Өзінің әрекетімен Ерлан мақтан етерліктей әрекет жасады. Бұны әсте ұмытуға болмайды. Өзінің ерлігімен ол қазақстандық әскери қызметшінің ар-намыс кодексін жүзеге асырды», - деді сөз сөйлеуі барысында ҚР ҚК ӘҚК бас қолбасшысының орынбасары авиация генерал-майоры Т. Қойшықұлов, сондай-ақ осындай өнегелі тәрбие бергені үшін қаза болған әскери қызметшінің анасына зор алғыс білдірді.  Өз кезегінде, кіші сержант Е. Райымқұловтың анасы Назарбекова Ризагүл көз жасын тыйып, жиналған қауымға Ерланды бағып-қаққандай нағыз патриот, қамқор бала, ер және әке етіп тәрбиелеулерін тіледі.  Сондай-ақ ол әскери ведомство басшылығына көрсетіліп жатқан моральдық және материалдық қолдауға, қайғы-қасіретке душар болған туған-туысқандарының жарасын жеңілдетіп жүргендері үшін алғыс білдірді.  Қайғылы оқиға 10 мамырда Нұрсұлтанда тапа-тал түсте «Газмашаппаратура» бау-бақша ауданында орын алғанын естеріңізге сала кетейік.  12 жасар қыз бала суға қарғыды. Бұл уақытта оның иті суда болған еді.  Бала суға батып бара жатты. Суға батып бара жатқан баланы көріп, кіші сержант Е. Райымқұлов еш ойланбастан  қызды құтқаруға кіреседі. Алайда, судан өзі шыға алмады. Ерланның артында әйелі мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Ерланның ерлігі бұл әскери қызметшілер үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін де жанқиярлық пен қайсарлықтың үлгісі. Ол өз қызметін жақсы көрді және өз ісінің нағыз маманы болды. Жоғары жауапкершілік, тәртіптілік, әскери қызметке адалдығымен үнемі ерекшеленді.  Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық пәндері бойынша керемет нәтижелер көрсетті, оған сеніп тапсырылған әскери техниканы үлгілі ұстады. Достары мен таныстары оны ашық және өзгелердің проблемаларына бей-жай қарамайтын адам ретінде естерінде сақтайды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы және ҚР Қарулы Күштерінің барша жеке құрамы қаза болған әскери қызметшінің туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.