
Аталған іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Қарағанды облысының басшылығы, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты. Өткен жиын қорытындылары бойынша жүлделі орындар былайша бөлінді. «Жас ұлан» республикалық мектептері мен мамандандырылған лицейлер арасында бірінші орынды «Жас ұлан» мектеп интернаты (Семей қ.), екінші орынды – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі (Нұр-Сұлтан қ.) және үшінші орынды Кеңес Одағының батыры генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі (Шымкент қ.) иеленді. ҚР Қарулы Күштерінің және басқа да әскери құрамаларының әскери-патриоттық клубтары арасында бірінші орын «Шығыс» әскери-патриоттық клубына («Шығыс» ӨңҚ), екінші орын – «Сағадат» әскери-патриоттық командасына (Тыл бастығы және қару-жарақ басқармасы), үшінші орын «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына (Әскери полиция бас басқармасы) бұйырды. Өңірлердің әскери-патриоттық клубтары арасында Батыс Қазақстан облысынан «Жігер» командасы бірінші орынды жеңіп алса, ал екінші орын Шығыс Қазақстандық «Жас Қыранға» бұйырды, үшінші орынды Ақмола облысының «Айбын» командасы иеленді. Сайыстың гран-при жүлдесін Семей қаласындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы алды. Жалпы командалық және жеке сынақтар бойынша жарыстың жеңімпаздарына грамоталар, медальдар, кубоктар мен сыйлықтар табысталды. Естеріңізге сала кетсек, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны Жастар жылы аясында еліміздегі жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында өткізіледі. Жиынға қатысушылар армияның күнделікті даярлығын өз көздерімен көріп, ерекше сабақ алды, Қазақстан армиясындағы қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін көрді. Өз мүмкіндіктері мен күштерін сынап қана қоймай, жаңа пікірлес достар тапты.