
Ресейлік әскери контингенті бар алғашқы ұшақ Қазақстанға 6 қаңтарда келіп қонды. Ізін суытпай артынан жедел түрде Армения, Белорусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан бітімгерлік контингенттер келді. Бітімгерлік континенттің жалпы саны 2000 астам адамды құрайды.
Алматыда төтенше жағдай шараларын қамтамасыз етуге қатысатын ұйымның бөлімдері мен бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіретін ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгерлік күштері штабы құрылды.
Елімізде контингентті орналастыру үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2 және 4-баптары, бітімгершілік қызмет туралы келісімі және Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті көмек көрсету туралы үндеуі құқықтық негіз болып табылады.
Бітімгершілік күштердің мандатына стратегиялық нысандарды күзету кіреді. Контингенттер әуежайларды, әскери қоймаларды және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асырады.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер ұжымдық бітімгершілік күштерінің әскери қызметшілері терроризмге қарсы операцияға тартылмайды. Террористік топтарға қарсы негізгі іс-қимылдарды құқық қорғау органдары мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүргізеді. Сонымен қатар, елде ұйым елдерінің әскери бөлімшелерінің болуы Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен басқа да әлеуетті құрылымдардың қызметкерлеріне төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету және терроризмге қарсы операцияны өткізу жөніндегі іс-шараларға толық көңіл аударуға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті жағдайды объективті бағалай отырып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге Республикадағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу үшін бітімгершілік күштерін жіберу туралы уақытылы өтініш жасады.
ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштері Қазақстан аумағында уақытша мерзімге келгенін және Қазақстан тарапының өтініші бойынша жағдай тұрақталғаннан кейін елден кететінін атап өту қажет.
Анықтама: ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бітімгершілік контингенттері – арнайы дайындалған әскери, милиция (полиция) және азаматтық персонал. Сонымен қатар Ұйымға мүше мемлекеттер ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерінің құрамына беретін күштер мен құралдар. Ұжымдық бітімгершілік күштердің құрамы, құрылымы мен саны жүктелген міндеттердің көлемі мен шиеленіс аймағындағы нақты жағдайды негізге ала отырып, әрбір бітімгершілік операция үшін ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен жеке айқындалады.