
Алматы облысы Талдықорған қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Қорғаныс министрлігі авиациялық базасының маманы ефрейтор Ғабдолла Смаилканов қаза тапты.
Алматы облысы Қарабұлақ кентінің тумасы 25 жаста болатын. Шекарадағы мерзімді әскери қызметінен кейін, Талдықорған авиабазасына келісімшарт бойынша қызмет етуге келген. Ғабдолла Смаилканов өзін сауатты, тәртіпті әрі жауапты маман және сенімді жолдас ретінде көрсете білді.
Ғабдолла Смаилканов қызметтік борышын орындау кезінде ауыр жарақат алған.
Достары мен әріптестері оны әрдайым қолынан келгенше көмегін аямайтын ақкөңіл, мейірімді адам ретінде мәңгі есте сақтап қалады.
Қаза тапқан әскери қызметшінің артында әйелі, ұлы мен қызы қалды.
Смаилканов Ғабдолла Ғалымұлы қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы Күштердің жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметші Смаилканов Ғабдолла Ғалымұлының жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады.