Конкурста өзге ұлт өкілдерінен құралған барлығы жеті команда бақ сынады. Оларға тіл білімі саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы төрешілік етті. Сайыс барысында өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде қаламгерлердің өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын-жазушылардың шығармаларынан сахналанған көрініс көрсетті. Сондай-ақ түрлі ұлттың мәдениетін көрсетіп, білімдерін саралады. Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының «Жерұйық» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Ұлттық қорғаныс университетінің «Мәңгілік ел» командасы табан тіресе, Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының «Алаш туы» командасы үшінші орынға ие болды. Конкурста бірқатар әскери қызметшілер өздерінің қазақ тілінде таза сөйлеуімен және көркемсөз оқудағы шеберліктерімен қазылар алқасын тәнтті етті. Айта кетейік, конкурсытың мақсаты мемлекеттік тілді насихаттауға және оның қолдану аясын кеңейтуге, қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттырып, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағыттау.