Қазақстанда алғаш рет Пәкістанның арнайы бөлімшелерімен бірлескен оқу-жаттығу өтуде

Қазақстанда алғаш рет Пәкістанның арнайы бөлімшелерімен бірлескен оқу-жаттығу өтуде

Оқу-жаттығу әрқайсысында тиісті тапсырмалары бар екі кезеңге бөлінді. Екі елдің арнайы бөлімшелері заңсыз қарулы құралымдарды анықтау, оқшаулау және жою бойынша мәселелерді пысықтайды. Бастапқы кезеңде әскери контингенттерге үйлесімділік пен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтап, бірлескен арнайы операцияны ұйымдастыру, ал содан кейін тікелей барлау-жауынгерлік іс-қимылдарға кірісуге тура келеді. Жалпы алғанда, екі елден 200-ден аса әскери қызметші, шамамен 30 бірлік әскери және арнайы техника, сондай-ақ армиялық авиация тартылды. Оқу-жаттығудың басты мақсаты тәжірибе алмасу және жауынгерлікке жақындатылған далалық жағдайларда терроризмге қарсы дайындық арқылы терроризммен күресуде әскери қызметшілердің кәсіби құзыреттілігін арттыру болып табылады. Халықаралық әскери ынтымақтастық шеңберінде Қазақстанның Қарулы Күштері ұдайы негізде Орта Азия елдерінің – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Үндістан, Түркия және өзге де мемлекеттер Қарулы Күштерінің бөлімшелерімен бірлескен оқу-жаттығуларды өткізеді және қатысады. 2018 жылы Қазақстан әскери қызметшілерінің қатысуымен халықаралық оқу-жаттығулардың саны оннан асып жығылды.