
Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты жиналыс өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылы – бүкіл әлемдік қауымдастық мойындаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тамаша белестері мен жетістіктерінің, бастамаларының дара жолы. Тәуелсіз Қазақстанның қуатты әскері жаңа мемлекет іргетасының негізгі элементтерінің бірі десек артық болмас.
Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қорғаныс қабілеті мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының құрылысы мен оны дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын бекітті. Ел Президентінің Әскери доктринаны қайта қарау және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді еңбек нарығында сұранысқа ие аралас жұмысшы мамандықтарына даярлауды ұйымдастыру жөніндегі тапсырмалары іске асырылуда.
Ел басшылығы Армияның ең жоғары халықаралық стандарттарға сай болуы үшін бүкіл мүмкіндіктерді жасауда.
– Біз ата-бабамыздың қалған мұраны сақтауға, Тәуелсіздік жетістіктерін жалғастырып, алға ұмтылуға міндеттіміз. Қазіргі геосаяси жағдай, жаһандық цифрландыру, соғыс жүргізудің жаңа нысандары мен әдістерін қолдану ел Қарулы Күштерінің алдына жаңа міндеттер жүктеп
отыр, – деп атап өтті Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов.
Тәуелсіздік жылдарында айтарлықтай өзгерістерді басынан кешіре отырып Қазақстанның Қарулы Күштері елді сыртқы қатерлерден қорғаудың, халықтың егемендігі мен тыныштығын сақтаудың кепілі болды. Тәуелсіздік таңында Құрлық әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы Күштердің үш әскер түрінің құрылымдары жетілдірілуде. «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтары құрылып, олардың жауапкершілік аймақтарында жеткілікті әскери топтарды өрістету қамтамасыз етілді. ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстан әскерінде Әскери полиция органдары құрылды. Бұл әскери ұжымдардағы құқықтық тәртіпті айтарлықтай нығайтып, іс жүзінде барлық әскери мамандықтарға әскери кадрларды даярлаудың ұлттық жүйесі бола алды.
Офицерлердің, сержанттар мен сарбаздардың кәсіби шеберлігі артып келеді. Далалық сабақтар мен оқу-жаттығуларда, Армиялық халықаралық ойындарда және басқа да жарыстарда біздің әскери қызметшілерімізді заманауи, күрделі жауынгерлік техника мен қару-жарақты басқарудағы шеберліктері мен мықты машықтары, ұйымшылдығы мен рухы ерекшелеп тұрды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық ережелерін ұстана отырып, бітімгерлік жолда бастама танытты. Қарулы Күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың соңғы үлгілерімен жарақтандыруға, халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударылып отыр.
Берік Отансүйгіштікке баулу – бір ғана буынның міндеті емес. Бұл мақсатта тынымсыз еңбек, бүкіл қоғамның белсене жұмылуы қажет. Қазір кезде елімізде азаматтық ортада әскери-патриоттық жұмыстың тиімділігін арттырудың жақсы алғышарттары жасалды. Адамдардың санасы өзгерді. Қарулы Күштердің тыныс-тіршілігіне деген бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығы артты.
Соғыс ардагерлері мен Қарулы Күштер ардагерлері өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ауқымды әскери-патриоттық жұмыс жүргізуде. Салтанатты жиынға көрнекті әскери басшылар, ардагерлер ұйымдарының басшылары, ұлттық Қарулы Күштерді құру мен дамытудың бастауындағы барлық адамдар, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушылар – «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Қорғаныс министрі салтанатты жиналыс барысында еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға жауынгерлік еңбегімен үлес қосқандарға мемлекеттік наградалар мен мерзімінен бұрын әскери атақтар табыс етті.