
Астанада жауынгерлік ұрыс жанкүйерлері екі күн бойы еліміздегі ең мықты жекпе-жек ұрысы мамандарының өнерлерін тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл сайыста Қарулы Күштердің әскери қызметшілері турнирдің қола медальдарын жеңіп алды. Олардың қатарында 55 келілік салмақ дәрежесінде 14776 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға лейтенант Аман Шәкіртов, 70 келілік салмақ дәрежесінде осы әскери бөлімнің тағы бір өкілі аға лейтенант Мадияр Тілеулинов қола жүлдегер атанды. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 26 құрама команда қатысты. Оның ішінде 11 команда әлеуетті құрылымдарға тиесілі. «Бұл турнирге барымды салып дайындалдым. Алдыңғы үштікке кіргеніме қуаныштымын. Сонымен бірге турнирдің мәртебесі де әскери қызметшілердің бұл жерде үздік болуын міндеттейді ғой», дейді аға лейтенант Мадияр Тілеулинов.