
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның төрайымдық етуімен Ақтауда ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің қызметі мәселелері бойынша Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс пен қауіпсіздік жөніндегі комитеттің көшпелі отырысы өтті. Отырысты аша отырып, Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева Елбасының еліміздің қорғаныс қабілеттілігі мен әскери қауіпсіздігіне, әскерлердің дайындық деңгейін арттыруға, әскери техниканы жаңғыртуға айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. Ақтауда болған кезде сенаторлар әскери-теңіз базасын, теңіз жаяу әскерінің бригадасын, ӘШҚҚ нысанын аралап шықты. Депутаттарға ҚР ҚК ӘТК-нің «Алатау» және «Орал» корабльдері, сондай-ақ теңіз учаскесінде мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету кезінде ӘТК және шекара қызметі бөлімшелерінің өзара әрекет ету тәртібі паш етілді. Көшпелі отырыстың қорытындысын жасай отырып, Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева Батыс өңірі шептерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті. Сенатор еліміздің шекара қызметі мен әуе шабуылына қарсы қорғанысын нығайтудың үш жылдық бағдарламасын әзірлеу қажеттілігін атап өтті.