
Оқу жылы басталысымен Құрлық әскерлерінің Әскери институтында, Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтында жас курсанттар оқуға кірісіп кетті. Биылғы жылы Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери оқу орындарына 1500-ден аса ниет білдіргендердің арасынан 600-ден аса курсант оқуға түсті. Құрлық әскерлерінің Әскери институты 14 мамандық бойынша Құрлық әскерлерінің жоғары білікті офицерлерін, Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты 8 мамандық, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты 5 мамандық бойынша жоғары әскери кәсіби білім беру бағдарламасы бойынша даярлауды жүзеге асырады. Әскери жоғары оқу орындарында профессорлық-оқытушылар, ұшу нұсқау, инженерлік-техникалық құрамдардағы жоғары білікті мамандардан құралған ұжым жұмыс жасайды. Білім ошағында заманауи оқу-материалдық база, әртүрлі техникалық оқыту құралдары бар. Институт басшылығы курсанттардың мәдени деңгейіне ерекше көңіл бөледі. Курсанттардың дұрыс өмірі мен оқуы үшін жақсы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған.