
Тараз гарнизонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты төрт әскери бөлімнің балалар командасы арасында спартакиада өтті. Бірнеше күнге созылған жарыстарда әскери қызметшілердің балалары шағын футбол мен қазақша күрестен сынға түсіп, отбасылық эстафетада бақтарын сынады. Үш байқаудың қорытындысы бойынша спартакиадада 85395 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің балалары жеңімпаз атанды. Екінші орынды тау-қорықшысы полкі әскери қызметшілерінің балалары қанжығаларына байласа, үшінші орынды 63563 әскери бөлімінің балалар командасы еншіледі. 85395 әскери бөлімінің командирі подполковник Ержан Ыбыраев: «Біз өзіміздің жас спортшыларымызбен мақтанамыз. Олар да ата-аналары сияқты жеңіске ұмтылып, сол биікті бағындырудағы жігерлерімен бәрімізді қуантты», - деп атап өтті. Футболдан бірінші орын алған команда құрамын 85395 әскери бөлімі мотоатқыштар батальоны әскери қызметшілерінің балалары құрайды. Отбасылық эстафетаға артиллериялық дивизионның аға сержанты Самат Көрікмазовтың отбасы қатысып, жеңімпаз атанды. Қазақша күрестен алдына жан салмаған жас балуан Жанғали 85395 әскери бөлімі жауынгерлік даярлық бөлімінің аға офицері майор Ерғали Бердішевтің баласы. Осындай спартакиадалар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты өзге де гарнизондарда болып өтті.