АОСК-ның спортшысы «Қазақстан барысы» белді республикалық турнирінің жеңімпазы атанды

АОСК-ның спортшысы «Қазақстан барысы» белді республикалық турнирінің жеңімпазы атанды

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін ұлттық күрестен «Қазақстан барысы» республикалық тунирі өз мәресіне жетті. «Қазақстан барысы» ұлттық күрестен ең беделді сайыстың бірі болып табылады. Биылғы жылы бұл додаға еліміздің ең мықты 34 палуаны қатысты. Қатысушылар еліміздің 14 өңірінде, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларындағы іріктеу турларынан өтті. Іріктеу әскери қызметшілер арасында да жүргізілді. Сайыс барысында Ерғалиев барлық қарсыластарын ойсырата жеңіп, турнирдің жеңімпазы атанды. «Ең күрделісі алғашқы және шешуші тартыс болды. Мен 2014 жылғы турнир чемпионы Мұхит Тұрсынов пен биылғы жылғы фавориттердің бірі Ұлан Рысқұлды жеңдім. Әрбір тартыс шиеленіске толы болды. Бірде-бір жекпе-жекті жеңіл деп айта алмаймын. Барлық қарсыластар әртүрлі болды. Әрқайсысының мықты тұстары бар. Мен Қарулы Күштердің намысын осындай белді турнирде қорғап, маған артылған үмітті ақтағанымды мақтан тұтамын», - деп Ерғалиев өз ойымен бөлісті. Сайыс қорытындысы бойынша спортшы алтын белбеуді, «тайтұяқ» олжасын қанжығасына байлап, 25 миллион теңгелік жүлде қорын жеңіп алды. Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылғы 8 сәуірде «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында «Әскер барысы» атағына іріктеу кезеңі өткізілген болатын. «Қазақстан барысы» республикалық турниріне жолдама алу үшін Қарулы Күштердің әскери қызметшілері сайысқа қатысты.  Турнир қорытындысы бойынша титул атағын АОСК штаттық командасының спортшысы Еламан Ерғалиев жеңіп алды.