
Қарулы Күштер түрлері мен әскер тектерінің 14 мыңға жуық әскери қызметшісі спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша Қарулы Күштер Спартакиадасының жазғы кезеңіне қатысу құқығы үшін іріктеуге қатысты. Сайыстың жазғы кезеңі бес чемпионатты қамтыды. Атап айтқанда, Президенттік көпсайыс (жазғы бессайыс), офицерлік үшсайыс, әскери көпсайыс, табельді қарудан оқ ату және ӘСБ көпсайыс. «Әскери қызметшілерге күштерін, жылдамдықтары мен шапшаңдылықтарын ғана емес, сонымен бірге дәлдіктерін, командалық рухтары мен өзара көмектерін паш етуге тура келді. Чемпионаттардың әрқайсысы әскери қызметшілеріміздің қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындауларымен байланысты», - дейді ҚР ҚМ АОСК-ның төрағасы подполковник Расул Мейірманов. Спартакиада аясында ҚР ҚК құрамалары мен бөлімдерінің дене даярлығы және спорт бастықтарына арналған спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша төрешілер семинары өткізілетін болады. Ағымдағы жылдан бастап «Дене даярлығы және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген түзетулерге сәйкес әскери қызметшілерге спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша «Қазақстан Республикасының спорт шебері», «ҚР ұлттық спорт төрешісі», «ҚР жоғары санатты ұлттық спорт төрешісі» спорттық атақтары берілетінін айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта спорттық атақтарды тоғыз әскери қызметші иеленді. Одан өзге, төрт әскери қызметші жоғары төрешілік санатқа ие болды.