
Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевтің қатысуымен «Армияны кәсібилендіру – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің сенімді кепілі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның негізгі мақсаты Қазақстанның Қарулы Күштерін әрі қарай дамытуда заманауи ғылыми-практикалық әдістерді зерделеу мен іздестіру, ҰҚШҰ мүше мемлекеттері қарулы күштерінің әскери кадрларын бірлесіп дайындауды белгілеу болып табылады. Конференцияның жұмысына Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери университеті, Ресей мемлекеттік сот төрелігі университеті, Украина ұлттық қорғаныс университетінің өкілдері, ҰҚШҰ-ның біріккен штабы және бірқатар қазақстандық ЖОО-лардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы генерал-лейтенант Б. Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор генерал-лейтенант А. Тасболатов, Халық Қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты Т. Мұсабаев қатысты. Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің сенімді кепілі ретінде армияны кәсібилендіру туралы өз баяндамасында Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары – «ҚР ҚК Бас штабының академиясы» факультетінің бастығы генерал-майор Дамир Халықов Қарулы Күштердің құрылымын оңтайландыру және жетілдіру бойынша іс-шаралар ең алдымен, олардың жауынгерлік қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Бүгінде қажет етілетін бағытта және қажет уақытта күштер мен құралдарды жылдам өрістете отырып, көп нұсқалы іс-қимылдарға әзір, кәсіпқой әскери қызметшілермен жасақталған мобильді бөлімшелер құрылды. Осындай негізгі өзгерістердің арқасында Қазақстанның Қарулы Күштері бүгінде мемлекет қауіпсіздігінің сенімді кепілі болып табылады. Әскери ғылым әскери құрылыстың өзекті бағыттарын айқындауға және мемлекеттің әскери ұйымын дамытуға негізделген. Конференцияның ерекшелігі баяндамалардың жоғары деңгейі ғана емес, сонымен бірге, қатысушылардың жоғары академиялық мәртебесі, Қарулы Күштердің рөлі мен маңыздылығын түсіну. Іс-шара қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар ҚР ҚК әрі қарай дамыту жөнінде теориялық және практикалық ұсынымдар әзірледі.