АОСК-ның спортшысы Қарулы Күштердің намысын «Қазақстан барысы» беделді республикалық турнирінде қорғайтын болады

АОСК-ның спортшысы Қарулы Күштердің намысын «Қазақстан барысы» беделді республикалық турнирінде қорғайтын болады

Астанадағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде Қарулы Күштердің, сондай-ақ, Қазақстанның басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері арасында қазақша күрестен «Әскер барысы» атағына ашық турнир өтті. Ымырасыз күресте 20-дан аса палуан бақ сынасты. Олардың барлығы бас жүлдеге, яғни, жеңімпазға бұйыратын «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің шешу кезеңіне жолдама алу үшін күш сынасты. «Жыл сайын Қарулы Күштер шеңберінде өткізілетін чемпионаттар қарқынды дамып келеді. Сайысқа қатысушылардың саны ғана емес, сонымен бірге, спортшы әскери қызметшілердің шеберлік деңгейі де ұлғайып келеді», - деді ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергенов сайысқа қатысушыларға. Нәтижесінде ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі Еламан Ерғалиев турнир жеңімпазы атанды. Ұлттық ұланның намысын қорғаған Олжас Шынкеевке екінші орын бұйырды. Үшінші орынды Мемлекеттік күзет қызметінен Әлібек Зекенов жеңіп алды. Енді армиялық спортшымыз Еламан Ерғалиев, сондай-ақ, сайыстың екінші орын жеңімпазы түкпір-түкпірден жиналған мықты спортшылардың бас қосатын «Қазақстан барысы» турнирінде өнер көрсететін болады. «Жеңіске қол жеткізу оңай болған жоқ. Себебі, барлық қарсыластар дайындық пен кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін көрсетті. Алайда, алда әлі қыруар жұмыс күтіп тұр. Маған «Қазақстан барысы» белді республикалық турниріне дайындалуға тура келеді. Онда мен еліміздің Қарулы Күштерінің намысын мақтаныш сезіммен қорғайтын боламын», - деді Еламан Ерғалиев.