ҚР ҚК Тәрбие құрылымдарының офицерлері кәсіби мейрамын атап өтуде

ҚР ҚК Тәрбие құрылымдарының офицерлері кәсіби мейрамын атап өтуде

Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің тәрбиелеушілер институты өздерінің төл мерекесін атап өтуде. Осыдан 24 жыл бұрын 19 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан армиясында командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарларының институты құрылған еді. Сол сәттен бастап Қарулы Күштердің қалыптасуы мен дамуына тікелей үлес қосқан тәрбие жұмыстары органдарының тарихы бастау алды. Осы 24 жыл ішінде тәрбие құрылымдарының офицерлері командирлермен бірлесе отырып әскери ұжымдағы моральдық-адамгершілік ахуалдың жағдайын жақсарту, әскери қызметтің беделін арттыру, жеке құрамның абыройы мен намысын қорғауды қамтамасыз ету, әскери және құқықтық тәртіпті нығайту үшін барынша күш салып, ауқымды жұмыстар атқарды. Қазіргі уақытта еліміздің Қарулы Күштерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастырудың біртұтас жүйесі нық тұрғызылды деп зор сеніммен айтуға болады. Оған күннен-күнге артып келетін әскери қызметтің беделі мен қоғамдағы әскери қызметшілер мамандықтарына деген қызығушылық, сондай-ақ әскери ұжымдардың жоғары жауынгерлік рухы мен ауызбіршілігі дәлел. Алайда тәрбиешілер институты өз дамуын мұнымен тоқтатпайды. Әр жыл сайын іс-шаралардың біртұтас кешені жүзеге асырылады. Тәрбие және идеологиялық жұмыстары органдарының құрылымы жетілдіріліп келеді. Қарулы Күштердегі психологиялық және әлеуметтік жұмыстарды жақсарту үшін батальондар мен бригадалар психологы лауазымдары, ал идеологиялық жұмыстарды жандандыру үшін – идеологиялық және арнайы үгіт-насихат жұмыстары жөніндегі офицерлер лауазымдары енгізілді. Жеке құрамның жауынгерлік тапсырмаларды орындауына тікелей әсер ететін әскери қызметшілердің отбасындағы дұрыс моральдық-адамгершілік ахуалының маңыздылығын бағалай отырып, ең бір өзекті міндеттердің бірі әскери басқару органдарына, әскери бөлімдерге әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жасайтын мамандарды енгізу болып табылады. Тәрбиелік жұмыстардағы басым бағыттардың қатарында әскери қызметшілер мен өскелең жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәбиесінің де алатын орны орасан. Осы мақсатта еліміз бойынша барлық жалпы білім беретін мекемелерде жастардың патриоттық құрылымдар желісі кеңейтілді. Жастармен жұмыс жасауда өздерінің Отанға деген махаббаты мен отансүйгіштігін дәлелдеп, өз еліне қызмет етуде және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жан аямай еңбек етіп, жауапкершілік пен бірліктің нағыз үлгісі бола алатын әскери қызметшілердің өздері белсенді түрде атсалысуда.