
Мәжіліс ТМД Қарулы Күштерінің бітімгерлік әлеуетін іске асыру, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ратификациялық келісімдерді мақұлдады.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Тимур Дәндібаевтың айтуынша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Қарулы Күштерінің бірлескен байланыс жүйесін құру келісімге қатысушы елдердің қарулы күштерін басқару жүйесінде барлық ақпарат түрлерімен жедел алмасуға мүмкіндік беріп, бірлескен жүйелердің өзара іс-қимыл қызметін қамтамасыз етеді.
Біріккен байланыс жүйесі бірыңғай техникалық тәсілдермен және соңғы үлгідегі әскери техникамен, жабдықпен жарақтандыру негізінде құрылып, мемлекеттер қарулы күштерінің жауынгерлік қабілетін арттырады. Сонымен қатар қазақстандық байланыс жүйесі өз жұмысын бұрынғы режимде жалғастырады.
2020 жылғы 18 желтоқсанда ТМД қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесін құру туралы келісімге қол жеткізілді. Ол бірлескен гуманитарлық минасыздандырудың инженерлік бөлімшесін қалыптастыру, қолдану және оның қызметін аяқтау тәртібін, қабылдаушы/транзиттік тараптың аумағындағы, сондай-ақ гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңіндегі әскери қызметшілердің мәртебесін айқындайды. Құжатта ТМД-ға мүше емес мемлекеттердің аумақтарында бірлескен бөлімшенің жұмыс істеу мүмкіндігі де қаралған.
Келісімдер ҚР Парламенті Сенатының қарауына жіберілетін болады.