
Пабби қаласындағы Ұлттық терроризмге қарсы орталық пен мергендер мектебінде Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы қарулы күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында «DOSTARYM-2021» бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтуде.
Қазақстан тарапынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері жұмылдырылды.
– Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери қызметшілері елді мекендердегі заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл мәселелерін пысықтауда. Оның ішінде заңсыз қаруланған шартты құралымды анықтау, оларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-қимылдар, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының бастығы подполковник Динар Құрбанбаев.
Бастапқы кезеңде әскери контингенттер үйлесімділік пен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтап, бірлескен арнайы операцияны жүргізеді. Содан кейін тікелей барлау-жауынгерлік іс-қимылдарға кіріседі.
Оқу-жаттығуға екі елден 50-ден астам әскери қызметші, 20-ға жуық әскери және арнайы техника қатысады.
2019 жылы бірлескен оқу-жаттығу Қазақстан аумағында өткенін айта кеткен жөн.