
Халықаралық жарыстарда әлемнің әр түкпірінен келген әскери қызметшілер оқу-жаттығу алаңдары мен полигондарда өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетеді.
Қазақстан алғашқы күннен бастап ойындарға қатысып келеді. 2014 жылы біздің команда «Танк биатлоны» конкурсына қатысты. 2016 жылы Қазақстан «Артиллериядан оқ ату шебері» және «Мергендер шебі» конкурстарына бастама танытып отырып, оларды Гвардейск гарнизонында өткізді. 2017 жылы тізбеге «Сенімді қабылдау» байланысшылар конкурсы, «Сұңқар аңшылығы» ҰҰА операторларының конкурсы қосылды. Бұл Ресейден тыс өткізілетін ойындар шеңберіндегі алғашқы сайыстар болды.
Биылғы жылы Қазақстанның бастамасымен ойындар бағдарламасына «Тактикалық атқыш» жаңа конкурсы енгізілді. Ол Рязань қаласында өтетін болады.
– Армиялық халықаралық ойындар – бұл сайыс форматындағы әскерлерді жауынгерлік даярлау нысаны болып табылады, ол күрделі жағдайларда, жоғары психологиялық-эмоциялық ширығу жағдайында өтеді. Демек, ол – барынша қарқынды әрі әсерлі. Полигондар мен оқу-жаттығу алаңдарында кімнің жауынгерлік техниканы шебер басқара алатыны, кімнің қаруды білікті қолдана алатыны, кімнің өз мамандығын жақсы меңгергені, кімнің жауынгерлік іс-қимылдар жағдайына тез бейімделе алатыны, кімнің өз міндетін барынша сапалы орындай алатыны анықталады, – деді Бас штаб Жауынгерлік даярлық департаментінің бастығы генерал-майор Дәулет Оспанов.
Әскери қызметшілер міндеттерді таныс емес оқу-жаттығу алаңдарында орындайды.
Қазақстан әскери қызметшілері алдағы ойындарда 34 конкурстың 11-іне қатысатын болады. Қазақстан аумағында екі конкурс өткізіледі. Олар – «Артиллериядан оқ ату шебері» және «Сұңқар аңшылығы». Қазіргі уақытта жарыстарды өткізу үшін Гвардейск гарнизонында қажетті инфрақұрылымды дайындау бойынша жұмыстар аяқталуда.