
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының далалық әуеайлағында радиолокациялық қондыру жүйесі және жарықпен сигнал беру жабдығы пайдалануға берілді.
Далалық әуеайлақ 1998 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ол армиялық авиацияның күндіз қарапайым метеорологиялық жағдайларда ұшуын қамтамасыз ету үшін арналған. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу процесінде далалық әуеайлақ техникалық құралдармен толық жабдықталды. Олардың қатарында әуеайлақтық жарық-техникалық жабдық кешені және әуе кемелерін радиолокациялық қондыру жүйесі де бар. Бұл түнде қалыпты және көру шектелген жағдайларда ұшуды және қонуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әртүрлі метеорологиялық жағдайларда, тәуліктің кез келген уақытында ұшқыштар институты курсанттарының ұшу даярлығының сапасын едәуір арттырады.
– Ұшудағы ең қиын кезеңдердің бірі – әуе кемесін қондыру. Әуе кемесі бағыт және глиссада бойынша ұшу-қону жолағына дәл шығарылуға тиіс. Сондықтан ұшуда жүйелілікті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде радиотехникалық жүйелер үлкен роль атқарады, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері әскери институты ұшу қауіпсіздігі бөлімінің бастығы подполковник Валерий Капарулин.
Техникалық жұмыстар мен жүйелерді теңшеу аяқталғаннан кейін ұшу қауіпсіздігі талаптарына сәйкес түнгі және күндізгі уақытта Ми-8МТ тікұшағымен ұшып тексеру жүргізілді. Ұшқыштар құрамы әуеайлақ жабдығының сапасын атап өтті.