Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің әскери қызметшілері кәсіби мерекені атап өтуде

Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің әскери қызметшілері кәсіби мерекені атап өтуде

2 шілдеде Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері кәсіби мерекені атап өтеді. Дәл осы күні 1992 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрамында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімі құрылды.

Осы әскер тегінің әскери қызметшілері бейбіт уақытта сонымен қатар соғыс уақытында міндеттерді шешуге қабілетті әмбебап мамандар болып табылады. Олардың негізгі мақсаты – жаппай қырып-жоятын қарудан қорғаy және оны қолдану салдарын жою.

Шешілетін міндеттерге қатысты РХБҚ әскерлерінде барлау, арнайы өңдеу, аэрозольдік қарсы әрекет ету және отшашар бөлімшелері бар. Әскерлер отандық шығарылған қазіргі заманғы техника үлгісімен қаруланған.

Бейбіт уақытта мамандар миллиондаған адамның өмірі мен денсаулығын қорғайды. Олар қауіпті өнеркәсіп кәсіпорындарында болған авария мен апат салдарын жою міндеттерін орындауға әрқашан дайын.

2020 жылы РХБҚ әскерлері үшін басты сын-қатер коронавирус пандемиясы болды. Ел үшін қиын кезеңде әскери қызметшілер халыққа көмекке келіп, инфекцияға қарсы күреске үш мыңнан астам әскери қызметші мен 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Әлеуметтік маңызды объектілердің 60 млн. шаршы метрден астам ауданы, 4 мың шақырымнан астам жол өңделді.

Пандемияға қарсы күрес тәжірибесі көрсеткендей, қазіргі эпидемиологиялық жағдайда РХБҚ әскерлерінің алатын орны ерекше. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы да олардың маңызды әскер тегі болып табылатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта РХБ қорғау жүйесін одан әрі дамыту және күштер мен құралдарды ықтимал сын-қатерге уақтылы ден қоюға әзірлікте ұстау үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Ол соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылды және кәсіби кадрлармен жасақталды.

2020 жылғы сәуірде Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау әскерлері және экологиялық қауіпсіздік департаменті құрылды. Бұл әскерлерді басқару сапасы мен жеделдігін анағұрлым арттыруға, арнайы даярлық жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді.

Биыл Құрлық әскерлерінің Әскери институтын алғаш рет «Әскери істегі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау» мамандығы бойынша он бір офицер бітіріп шықты.

РХБҚ әскерлерінің әскери қызметшілері күн сайын кәсіби шеберлігін арттыра отырып, әрқашан елге көмек көрсетуге әзір және олардың әрқайсысы осы әскер тегінде қызмет атқаратынын мақтан тұтады.