Кәсіби армияның негізі – Сержанттар корпусы

Кәсіби армияның негізі – Сержанттар корпусы

Қазақстанның әскері бірінші шілдеде Сержанттар күнін атап өтеді. Дәл осы күні Қарулы Күштердің барлық түрінде жеке құрамды даярлауда маңызды рөл атқаратын кәсіпқойларға құрмет көрсетеді.

Қарулы қақтығыстардың тәжірибесі бағыныстылардың өмірі мен әскери бөлімшенің жауынгерлік міндеттерді орындауына, сарбазға үлгі болатын сержанттың дайындығына, оның тәжірибесіне, психологиялық тұрақтылығына, ұрысты ұйымдастыруы мен оны өз деңгейінде басқару қабілетіне байланысты екенін нақты көрсетті.

Қазіргі кезде көптеген жағдайда жауынгерлік тапсырмаларды шағын ұтқыр топтардың орындауы кіші командирлердің жұмысының маңызды екенін байқатты.

Тәуелсіз Қазақстан армиясында кәсіби сержанттар жүйесі кеңестің кеңістікте бірінші болып дами бастады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен кадрларды оқыту және даярлау үшін 1996 жылғы 1 шілдеде Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы құрылды. Әскери-оқу орны бірінші күннен бастап қару-жарақ пен әскери техниканы жетік білетін, сарбаздарды оқытуға, тәрбиелеуге және жетелеуге қабілетті жоғары білікті кіші командирлік құрамды даярлауға кірісті.

2001 жылы бөлімше командирінен бастап Қарулы Күштердің бас сержантына дейінгі сержанттар корпусының жүйесі құрылды. Бүгінде ол Қазақстан армиясының барлық буындары мен басқару органдарын қамтиды. Мұндай жүйе офицерлерге жүктемені азайтуға, оларға тән емес міндеттерді орындаудан арылуға және тактикалық міндеттерді жоспарлауға, басқаруға және дамытуға назар аударуға мүмкіндік береді. Күн тәртібінен бастап, барлық күнделікті іс-шаралар, сондай-ақ сарбаздарды жеке даярлау, оларды оқыту және тәрбиелеу сержанттар құрамына жүктелді.

2005 жылдан бастап қолданыстағы сержанттардың атақтары «3-сыныпты сержант», «2-сыныпты сержант», «1-сыныпты сержант», «штаб-сержант» және «шебер-сержант» аға және жоғары сержанттар құрамының атақтарымен толықтырылды. Осылайша, кіші командирлер жігерлендіріліп, олар қызметтік өсу перспективасымен қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда сержанттар құрамы Қазақстан армиясының ажырамас бөлігі болып табылады. Әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты.