
Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов 1 маусымда Қарулы Күштерде басталатын жазғы оқу кезеңіне Алматы және Талдықорған гарнизондары бөлімшелерінің даярлығын тексерді.
Алматы гарнизонына жұмыс бабымен барған кешенді комиссия әскери бөлімдер мен бөлімшелер объектілерінің, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін тексерді.
Жас буынды әскери қызметке және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға бейімдеу, жеке құрамның жауынгерлік даярлық деңгейін, жауынгерлік кезекшілік пен әскерлер қызметін ұйымдастыруды, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, тылдық қамтамасыз етуге мен бөлімшелердегі тәрбие мен идеологиялық жұмысқа ерекше назар аударылды.
Талдықорған гарнизонында бас қолбасшы авиациялық базаға барып, онда ұшу және инженерлік-техникалық құрамдарының, әсіресе нұсқаушы ұшқыштардың дайындық деңгейін, сондай-ақ қамтамасыз ету бөлімшелерін тексерді.
Әуе қорғанысы күштерінде жазғы оқу кезеңінің жауынгерлік даярлық қарқындылығын ұлғайту, жеке құрамның барлық санаттарының кәсіби деңгейін арттыру, ұшу аппараттарына, қару-жарақ пен әскери техника жүйелеріне апатсыз қызмет көрсету жөніндегі міндеттер басым болып қала бермек.