
Нұр-Сұлтан қаласында өңірлік қолбасшылықтары, әскери-теңіз базасы есептеу-талдау станцияларының бастықтарымен, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс пен барлау бөлімшелерінің командирлерімен жиын өтті.
РХБҚ мамандарының жауынгерлік және күнделікті іс-қимылды ұйымдастырудағы ауқымды ақпарат легі 50 сағаттық курс барысында ықшамды, әрі мазмұнды түрде көрсетілді. 32 сағат бөлінген оқуда тәжірибеге ерекше назар аударылды.
Жиынға қатысушылар Қарулы Күштерде радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді реттейтін нормативтік құқықтық актілерді, әскери дозиметрия негіздерін, радиациялық ахуалды бақылау және бағалау жүйесін, арнайы бағдарламалық жасақтама жұмысының ерекшеліктерін зерделеді. Есептеу-талдау станцияларының кезекшілігін, жауынгерлік тапсырмаларды алған лауазымды тұлғалардың жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Жиын барысында офицерлерге Орталық Азия өңірінде баламасы жоқ отандық өнім РАСТ-2KZ есептеу-талдау станциялары көрсетілді. Бұл станция радиациялық, химиялық және биологиялық ахуалға қатысты мәліметті жинауды, талдауды және болжауды жүзеге асырады. Жерсерігі байланысының көмегімен автоматты түрде деректерді жедел өңдеуге және оны байланыс арнасы арқылы штабқа жеткізуге қабілетті.
– Біз алдағы қызметке қажетті құнды ақпарат алдық. Бұл мәлімет жауынгерлік және күнделікті іс-қимылды ұйымдастыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деді взвод командирі аға лейтенант Айдос Шабаев.