Кембриджде қазақстандық әскери оқу орнындағы оқытушылардың тілдік дайындық деңгейіне баға береді

Кембриджде қазақстандық әскери оқу орнындағы оқытушылардың тілдік дайындық деңгейіне баға береді

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы ағылшын тілінен біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Бұл оқу Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігі әскери атташесі кеңсесінің қолдауымен 2020 жылдың қазаны мен 2021 жылдың наурызы  аралығында өтті. Оқу қорытындысы бойынша білім алушылар емтихан тапсырды. Жұмыстар Кембридж университетіне тексеруге жіберілді. Оқуды үздік тәмамдағандарға тілдік даярлық курсын меңгергені жөнінде сертификаттар берілетін болады.

– Оқу барысында біз өз біліктілігімізді арттырдық, оқытудың жаңа әдістерімен танысып, алған білімімізді тәжірибеде қолдандық. Қорытынды бойынша Кембридждік сертификациялаудан өткені туралы емтихандар тапсырдық. Әр оқытушы біліктілігін арттырған жөн, өйткені өз білімімізбен Қарулы Күштердің офицерлерімен бөлісеміз,– деді біліктілікті арттыру факультеті жалпыәскери пәндер кафедрасының оқытушысы подполковник Берік Иманғожин.

Ағылшын тілін оқытушылардың біліктілігін арттыру курстары британдықтардың тарапынан ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.